ҚАЕУ-мен ынтымақтастық: Өскемен экономика және техника колледжінің түлектері SmartStart бағдарламасын сәтті аяқтады
Өскемен экономика және техника колледжінде Қазақстан-Америка еркін университеті жүзеге асыратын SmartStart: KAFU бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектерге сертификаттар табыстау рәсімі өтті. Аталған шара колледж бен университет арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі болып, колледжде мамандар даярлау сапасының жоғары деңгейін тағы бір мәрте айқындады.
SmartStart бағдарламасы студенттерге колледжде білім алу кезеңінде университеттің жекелеген пәндерін оқуға мүмкіндік береді. Бұл үздіксіз білім беру траекториясын қалыптастыруға, жоғары оқу орнында оқу мерзімін қысқартуға және академиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.
Біздің түлектеріміз техникалық және кәсіптік білім алу кезеңінде жалпы білім беретін пәндер блогын сәтті меңгеріп, бағдарламаның алғашқы қатысушылары атанды. Қол жеткізген нәтижелер олардың жоғары оқу ынтасын, білім алуға деген жауапкершілігін және одан әрі академиялық дамуға дайын екенін көрсетеді.
Өскемен экономика және техника колледжі студенттердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, жоғары оқу орындарымен серіктестік байланыстарды дамыту және білім алушылардың кәсіби әрі тұлғалық өсуіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.






