2026 жылғы 18 қарашада Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Садырбаев Айдар Серікқазыұлы және ШҚО білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Ақылбек Алима Ақылбекқызының «WorldSkills Kazakhstan 2026» республикалық чемпионатына қатысатын өңірлік құрама команда мүшелерімен және олардың тәлімгерлерімен кездесуі өтті. Кездесуге Өскемен экономика және техника колледжінің директоры, оқытушылары мен студенттері қатысты.
Биылғы республикалық чемпионатта Өскемен экономика және техника колледжінің қатысушылары төмендегі құзыреттіліктер бойынша бақ сынайды:
- «Ақпараттық қауіпсіздік» (командалық құзыреттілік);
- «Бизнеске арналған IT-шешімдер»;
- «1С платформасында бизнес-процестерді автоматтандыру»;
- «Бейнемонтаж».
Кездесу барысында өңірлік құрама команданың чемпионатқа дайындық барысы таныстырылды. Конкурсанттар мен тәлімгерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар жастардың кәсіби дағдыларын дамыту, тәлімгерліктің маңызы және еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Кездесуден кейін колледж оқытушылары мен студенттеріне арнайы тренинг өткізілді. Тренинг кәсіби құзыреттілікті арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталды.
Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары қатысушыларға республикалық чемпионатта сәттілік тілеп, жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірді.


