2026 жылғы 26 қарашада «1С-Рейтинг» компаниясының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Өскемен экономика және техника колледжінің студенттері қатысты.
Кездесу барысында білім алушылар компанияның құрылу және даму тарихымен, қызметінің негізгі бағыттарымен, жұмыс ерекшеліктерімен және корпоративтік мәдениетімен танысты. Әсіресе бухгалтерлік есеп, экономика және бағдарламалау салаларында «1С» бағдарламалық өнімдерін қолдану мүмкіндіктері туралы ақпарат студенттердің қызығушылығын тудырды.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі интеллектуалдық викторина болды. Оның қорытындысы бойынша колледж студенттері дұрыс жауаптар, орындалған тапсырмалар және иеленген жүлделер саны бойынша үздік нәтиже көрсетіп, абсолютті жеңімпаз атанды. Бұл жетістік студенттердің экономикалық пәндер мен «Бухгалтерлік есепті 1С бағдарламасында автоматтандыру» пәні бойынша алған теориялық білімдерінің жоғары деңгейін көрсетті.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – алдағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізу болды. «1С-Рейтинг» компаниясы колледж студенттерін тағылымдамадан өтуге және өндірістік практикаға қабылдауға, сондай-ақ колледж базасында практикалық сабақтар ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.
Мұндай кездесулер білім беру ұйымы мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, студенттерге заманауи еңбек нарығының талаптарымен жақынырақ танысуға және кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады.


