Өскемен экономика және техника колледжінде 2025–2026 оқу жылының қорытындыларын шығаруға арналған кәсіпорындар мен ұйымдар өкілдері – әлеуметтік серіктестермен кездесу өтті.

Кездесу барысында колледж қызметінің негізгі нәтижелері таныстырылып, студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру мәселелері қарастырылды, сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіштері талқыланды. Алдағы оқу жылына арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындау мен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған колледждің Индустриялық кеңесінің құрамын бекіту болды.

Кездесу соңында колледж директоры Ерсаин Ахметвалиевич әлеуметтік серіктестерге нәтижелі ынтымақтастықтары мен бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға қосқан елеулі үлестері үшін алғыс білдірді. Құрмет белгісі ретінде ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.

Поделиться: