Өскемен экономика және техника колледжінде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының полиция аға лейтенанттары Аскербеков Ернар Даулетұлы пен Жумаш Ерсултан Манарбекұлының қатысуымен студенттерге арналған профилактикалық кездесу өтті.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері буллинг пен кибербуллингтің көріністері, бопсалау, психологиялық қысым көрсету және қорқыту жағдайлары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде қорлайтын хабарламалар мен жеке сипаттағы материалдарды тарату мәселелеріне және мұндай әрекеттердің құқықтық салдарына ерекше тоқталды.
Студенттерге осындай жағдайларға тап болған кезде қалай әрекет ету керектігі, қайда жүгіну қажет екендігі және қорқыту мен қудалау фактілерін жасырмай, дер кезінде хабарлаудың маңыздылығы түсіндірілді. Сонымен қатар жеке жауапкершілік, өзара сыйластық және колледжде де, интернет кеңістігінде де қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу колледжде студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмыстар аясында ұйымдастырылды.



