«СтартПрофи – Shygys»: жобасы: колледждің Зайсан ауданындағы кәсіби бағдар беру жұмысы
Өскемен экономика және техника колледжінің оқытушылары «StartProfi – Shygys» жобасы аясында Зайсан ауданына жұмыс сапарын ұйымдастырып, жергілікті мектептердің жоғары сынып оқушыларымен бірқатар кәсіби бағдар беру кездесулерін өткізді.
Іс-шаралар барысында педагогтар өңірде сұранысқа ие заманауи мамандықтарды таныстырып, колледждің білім беру бағдарламалары жөнінде мәлімет берді және оқу үдерісінде қалыптасатын құзыреттер туралы түсіндірді. Сондай-ақ практикалық дайындыққа, жобаларға, олимпиадалар мен кәсіби байқауларға қатысу мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінді. Оқушылар белсенділік танытып, оқуға түсу шарттарына, болашақ мүмкіндіктерге және студенттік өмірдің ерекшеліктеріне қызығушылық білдірді.
Зайсан ауданындағы кәсіби бағдар беру жұмысы жастардың техникалық және кәсіптік білім алу мүмкіндіктері жөніндегі ақпараттандырылуын кеңейтуге бағытталған колледждің жүйелі қызметінің маңызды бөлігі болып табылады. Мұндай кездесулер болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға ықпал етіп, өңірдегі білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтады.



