31 мамыр — «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» қарсаңында Өскемен экономика және қаржы колледжінің 20 БР-21 тобының студенттері ШҚО Жастар театрының актерлерімен жүздесті. 20-ғасырда талайдың тағдырын тауқыметке айналдырған «Алжир» лагері қазақ тарихындағы тағы бір қасіреттің қара парағы болып қалды. Осынау азалы жылдарды ұрпақ жадында сақтау үшін театр актерлері «Алжир» қойылымын бұқара назарына ұсынды. Кездесу барысында студенттер актерлермен еркін сұхбат құрып, тың деректерге көз жеткізді.
Тарихи деректер бойынша, 1937 жылы КСРО-да «Отанын сатқан» деген жалған жала жабылған тұлғалардың отбасын қудалап, тұтқындау туралы бұйрық шығарған. Соның салдарынан «Алжир» лагерінде 62 ұлттан 20 мыңға жуық нәзік жандылар жазықсыз жазаланып, адам айтса сенгісіз азап көрген.