Өскемен қалалық экономика және техника колледжінде студенттер арасында нашақорлықтың алдын алу және киберқылмыстың түрлері жөнінде профилактикалық кездесу өтті. Іс-шара «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ШҚОФ бастамасымен, ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен «Арлан» арнайы жасағының қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесуге «Жастар Рухы» ШҚОФ консультанты Эльмира Даулетқызы Нурсеитова, ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Малик Самарханович Хамитов, полиция майоры Дулат Төлеубекұлы Кабышов және арнайы бөлімше қызметкерлері қатысты.
Студенттерге есірткі сату фактісі бойынша қылмыскерді ұстаудың арнайы көрсетілімі ұсынылды. Оперативтік топ пен «Арлан» жасағы қылмыскерді ұстау және залалсыздандыру тактикасын көрсетті. Сондай-ақ кинологтар қызметтік иттердің есірткіні анықтау жұмысын паш етіп, олардың дайындық кезеңдерімен таныстырды.
Бұдан бөлек, жастарға интернет-алаяқтық, фишинг, дроппинг және жалған инвестициялық платформалар сияқты кең таралған киберқылмыс түрлері жөнінде ақпарат берілді. Мамандар жеке деректерді қорғау жолдарын түсіндіріп, онлайн-қауіптерден сақтану бойынша маңызды кеңестер айтты.
Профилактикалық іс-шара студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заманауи қауіптер туралы түсінігін кеңейтуге және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға ықпал етті.





