Есірткіге қарсы күрес: жастардың саналы таңдауы

Өскемен экономика және техника колледжінде жастар арасында есірткіге қарсы профилактикаға арналған кездесу өтті. Іс-шара барысында нашақорлықтың алдын алу, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес әдістері және бұл мәселелерді шешуде азаматтық қоғамның рөлі талқыланды. Кездесуге ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Бекбосынов Абзал Әбдінәсірұлы, Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Жумадилов Даулет Бейсенғалиевич, сондай-ақ «AMANAT» партиясының өкілдері мен наркологиялық қызмет мамандары қатысты.

Кездесу барысында спикерлер елдегі есірткі ахуалы туралы өзекті ақпаратпен бөлісіп, алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтті және есірткі тұтынудың зиянды салдары жайлы айтты. Дәріс барысында Полиция департаменті мен наркологиялық қызмет әзірлеген есірткіге қарсы насихаттық бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдардың есірткінің таралуының алдын алудағы рөлі мен олардың атқарып жатқан жұмыстары туралы айтылды.

Іс-шараны қорытындылай келе, ұйымдастырушылар есірткіге қарсы күрес – кешенді көзқарасты және әр адамның белсенді қатысуын талап ететін қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Олар Өскемен экономика және техника колледжі әкімшілігіне профилактикалық бастамаларды қолдағаны және салауатты әрі саналы жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Поделиться: