Жұмысшы мамандықтар жылы: студенттердің кәсіби дағдыларын дамыту
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өңірдің белсенді жастарының басын қосқан орталыққа айналды. Мұнда студенттердің қолданбалы дағдылары мен кәсіби әлеуетін дамытуға арналған «Hard Skills Fest» облыстық форумы өтті.
Форумға біздің колледждің студенттерімен қатар Шығыс Қазақстан өңірінің жоғары оқу орындары мен колледждерінің өкілдері, сондай-ақ түрлі кәсіпорындардың мамандары қатысты. Іс-шара қатысушыларға жаңа білім алып қана қоймай, өз қабілеттерін көрсетуге, идеялармен алмасуға және әртүрлі сала мамандарымен пікірлесуге мүмкіндік берді.
Форум бағдарламасы мотивациялық кездесулерді, практикалық шеберлік сабақтарын және заманауи техникалық құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған таныстырылымдарды қамтыды. Спикерлер табысты еңбек жолындағы тәжірибелерімен бөлісіп, қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие негізгі дағдылар туралы айтты.
«Hard Skills Fest» форумы студенттер үшін пайдалы тәжірибе ғана емес, сонымен қатар тұлғалық өсуге, кәсіби дамуға және болашақ мамандығын сеніммен таңдауға жол ашқан маңызды қадам болды.